Петропавлда «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Облыстық мәслихат депутаттары және заңгерлермен жүздесуге 12 адам ниет білдірді. Арасында мүгедек балалардың спорттық жарыстарға қатысуы туралы мәселе көтерілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Партия қабылдауын келгендердің бірі- Татьяна Делль. Нәзікжандының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоры бар. Ол ұйымға тіркелген балаларды шекара сыртында өтетін жарысқа жібергісі келеді.

«Жақында Түркияда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисі мен жеңіл атлетикадан жарыс өтеді. Сайысқа қатысуға теріскейлік ұл-қыздар да өтініш білдірді. Алайда, қаржы жағынан қиыншылық туындап тұр. Жомарт жандардың көмегімен қазіргі таңда 2 млн теңге жинадық. Әлі 900 мың теңге қажет. Осы мәселені шешу үшін «AMANAT»партиясы өкілдерінен қолдау сұрап келіп отырмын»,-деді «Солнечный дом»қайырымдылық қорының құрылтайшысы Татьяна Делль.
Партия өкілдері нәзікжандының өтінішін мұқият тыңдады. Жақында жомарт кәсіпкерлерге хабарласып, мәселені шешуге бар күштерін салатындарын жеткізді. Шарада бұдан өзге де мәселелер көтерілді. Әр түйткіл тараптардың қызу талқысына түсті.
«Биыл «Құқықтық көмек»жобасы аясында 36 қабылдау өткіздік. Нәтижесінде 200-ден астам адамға көмек көмек көрсеттік. Бізге жүгінген бірде-бір жанның өтінішін жерде қалдырмадық. Қабылдау өткізбес бұрын әлеуметтік желілерде ақпарат таратамыз, жұртшылыққа хабарлаймыз. Бұл филиалға халықтың көп келуі үшін жасалған амал болып табылады», деді партияның СҚОФ қоғамдық қабылдау комиссиясының төрайымы Гүлфира Рамазанова.
Партиялық жоба 2023 жылы қолға алынған. 2 жылдың ішінде бастауыш ұйым өкілдері 200-ден астам қабылдау өткізіп, бірқатар мәселені шешуге ат салысқан. Аманаттықтардың сөзінше, адамдар көбінесе тұрғын үй мәселесі бойынша жүгінеді.
Тағы оқыңыз: 30-шы шілде күні СҚО-да күндіз бұршақ жауады деген болжам бар