Көрші Ақмола облысында диқандар күздік бидайды оруды бастады. Осы орайда, жергілікті шаруаларды астық қабылдау орындарының дайындығы алаңдататыны сөзсіз. Qazaqstan Media тілшісі астық қабылдаушылардың әзірлігі жайлы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан сұрап білді.
Бүгінгі таңда облыста 44 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс атқарады. Олардың жалпы астық сақтау көлемі 3,2 млн тоннаны құрайды.
«Жаңа өнімді қабылдауға дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл бидай сақтауда орын тапшылығы болмайды»,- деді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Сәбит Бопышев.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өткен жылы облыс элеваторларына 2 млн тоннаға жуық астық жеткізілген екен. Облыста 7 млн тоннаға жуық астық сақтауға мүмкіндік бар.
Биыл өңір шаруалары көктемгі дала жұмыстарын мамыр айының алғашқы онкүндігінде бастаған болатын. Олар 4,4 млн гектар жерге дән септі. Оның басым 3,3 млн гектар алқабы дәнді дақылға арналса, 760 мың гектар жерге майлы дақылдарды екті. Айта кету керек, былтыр аграрийлер рекордтық өнім алды. Орташа өніміділік гектарына 18,6 центнерді құраған еді.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы саңырауқұлақ фермасының 70 пайызы тұрғызылды