Солтүстік Қазақстан облысында 4 соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі — Федор Васильевич Щеглов. Қарт майдангер 9 қаңтарда 97 жасқа толды. Туған күн иесін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі өңір жетекшісінің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
Федор Васильевич әскери жолын 17 жасында бастады. 371-ші атқыштар дивизиясының қатарында бүкіл соғысты өтті. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан кейін құрылыс саласында еңбек етті.
«Аға ұрпақ сұрапыл соғыстың ең ауыр сынақтарын, соғыстан кейінгі кезеңнің қиындықтарын бастан өткерді. Батырларымыздың еңбек және өмір жолы, Отанға деген сүйіспеншілігі бәрімізге әрқашан үлгі болады. Бүгінгі ұрпақ ардагерлеріміздің ерліктерін мақтан тұтады және бас иеді», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Тағы оқыңыз: Жасөспірімдер Олимпиадасында ел байрағын петропавлдық Кристина Шумекова ұстап шығады