8 наурыз мерекесіне орай өңір басшысы Ғ. Нұрмұхамбетов түрлі салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді құттықтады. Бұл күні 40-тан астам әйелдің еңбегі еленіп, оларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Qazastan Media тілшісі.
Әйел адамдардың қоғамдағы алатын орны ерекше. Жыл санап елде нәзік жандылардың дәрежесі өсуде. Қазіргі күні әйелдер ер адамдармен қатар түрлі салада еңбек етіп жүр. Облыстың дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан қыз-келіншектер аз емес.
«Әйелдер талантты болса, халық бай деген сөз бар. Мұны нәзік жандылардың қадір қасиетін бағалу деп білеміз. Бүгірдері әйелдің қоғамда алатын орны ерекше. Сіздер ер адамдармен қатар көптеген салада еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрсіздер. Сіздерге еңбекте табыс, отбасыларыңызда бақ-береке тілеймін», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты жиын барысында Айыртау ауданының тұрғыны, жеті баланың анасы Жанбота Райхан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Алтын алқа» төсбелгісіне ие болды. Көпбалалы ана қазіргі уақытта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Балаларының үлкені 16-да болса, кішкентай егіздері тек 1 жарым жаста ғана екен.
«Өте толқып тұрмын. Мен үшін, отбасым үшін қуанышты күн. Әрине әр ана осындай қуанышқа ие болуға құқылы. Барлық аналарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын», — деді көпбалалы ана Жанбота Райхан.
Салатанатты іс-шарада түрлі салада еңбек ететін 45 қыз-келіншектің еңбегі еленді. Солардың бірі- Алтын Сейітова. Ол өзінің 50 жылын ұстаздыққа арнаған. Қазіргі уақытта зейнетке шыққанына қарамастан Петропавлдағы «Аққайың» бөбекжайының меңгерушісі болып жұмыс істеп жүр.
«Осы кеште марапатқа ие болып жатырмыз. Бұл біздің көпжылдық еңбегіміздің арқасы деп ойлаймын. Өсіп келе атқан жас ұрпақты үздіксіз тәрбиелеу, білім беру ол ұстаздардың ең басты міндеті. Себебі, болашақ ұрпақтың тәрбиесі біздің қолымызда. Бүгін облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталып жатырмын. Өте қуаныштымын», — деді «Аққайың» бөбекжайының меңгерушісі.
Тағы оқыңыз:СҚО-да ауыл тұрғынынан екі қап марихуана табылды