Солтүстік Қазақстанда лицензиясынан айырылған адвокат Руслан Аитов Қызылжар ауданындағы Рощин ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ол ақпанның 25-і күні өткен сайлауда жеңіске жеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
39 жастағы Руслан Аитов былтыр шілде айында лицензиясынан айырылған. Ол түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталушыға ұялы телефон апарып берген. Осы әрекеті үшін адвокат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан 30630 теңге айыппұл өндіріліп алынған болатын. Ал жазасын өтеушіге берген телефон тәркіленді.
«Адвокат қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі адамға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған затты тексеруден жасырған. Осыған қатысты облыс прокуратурасы Руслан Аитовты адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиясынан айыру туралы мәселеге бастамашылық жасады. 2023 жылдың 10-шы наурызында сот бұл талапты қанағаттандырды», – деп хабарлаған болатын сол кезде облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Осыдан кейін Руслан Аитов тәуелсіз заң кеңесшілері палатасында еңбек еткен. Ал жексенбі, 25-ші ақпан күні өткен сайлауда ол жеңіске жетіп, Рощин ауылдық округінің әкімі атанды.
Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов Руслан Аитовты ауыл тұрғындарына таныстырып, оған бірқатар тапсырмалар берді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да майлы және дәнді дақылдар тұқымының сапасы тексеріліп жатыр