Шалқар көлінің көркем жағасында, Имантау-Шалқар курорттық аймағының жүрегінде Qundyzdy Resort жобасының жүзеге асырылуы басталды. Бұл заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысан ұлттық архитектураны, экологияны  және жайлылықты бір арнаға тоғыстырған ерекше орын болмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

2022 жылдың соңында кәсіпкер Ержан Белеуханов үш гектар жер телімін ұзақ мерзімді пайдалану құқығымен алған болатын. Сол кезден бастап дайындық жұмыстары басталды. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, қоршаған ортаға әсерді бағалау,  қоғамдық тыңдаулар өткізу сияқты жұмыстарға уақыт көп кеткен. Сондықтан  құрылыс жұмыстары кешеуілдеп басталыпты.

qaz-media.kz
qaz-media.kz

«Бүгінде жоба барлық келісу және сараптамалық сатылардан өтті. ЖСҚ бекітілді, құрылыс және экологиялық сараптамалардың оң қорытындылары алынды. Құжаттар «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен келісілді», – деді компания директоры Ержан Белеуханов.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 600 миллион теңгені құрайды. Жаз мезгілінде Qundyzdy Resort бір мезетте 60 қонаққа дейін қабылдай алады. Қыс мезгілінде – 30 адамға дейін. Жобаның басты бағыты – экологиялық және табиғилылық.

«Қонақ үйлер бөренеден салынып, дәстүрлі киіз үй стилінде жасалады. Панорамалық терезелер арқылы көл мен табиғаттың көрінісін тамашалауға болады», – деп толықтырды спикер.

Кешен құрамына сонымен қатар монша, үлкен киіз үй пішініндегі кафетерий, күркелер, мангал аймақтары, пирс кіреді. Сондай-ақ спорт және балалар алаңдары, абаттандырылған жағажай мен күтіп-бапталған аумақ қарастырылған.

Жобаның жүзеге асырылуы кемінде 25 тұрақты және маусымдық жұмыс орнын ашады. Бұл жергілікті тұрғындар мен шағын бизнесті дамыту үшін маңызды. Қазір учаскені қоршау жұмыстары аяқталды. Құрылыс материалдарын сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Qundyzdy Resort ғана туристік нысан емес, мәдениетті, табиғатты және заманауи демалыс сапасын үйлестіретін тұрақты туризм үлгісіне айналмақ.

Тағы оқыңыз: «Заң және тәртіп» апталығы аясында СҚО тұрғындары сұрақтарына жауап алды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *