Reddit платформасындағы Flags of the World Tournament онлайн-турнирінде Қазақстанның мемлекеттік туы ең көп дауыс жинап, әлемдегі ең үздік ту деп танылды. Финалда көк байрағымыз Кирибати туынан басым түсті,деп жазады Qazaqstan Media.
Байқау барысында қолданушылар елдердің мемлекеттік туларына эстетикалық тұрғыдан баға берген. Турнирге барлығы 64 мемлекеттің туы қатысып, әр кезеңде дауыс беру арқылы үздіктер іріктеліп отырған. Алтыншы раундта, яғни финалда Қазақстан туы Кирибатидің рәмізін артта қалдырды.

Турнир қорытындысы жарияланған жазбада:
«Қазақстан — біздің чемпион! Баршаңыз дауыс беріп, бұл туды әлемдегі ең үздік деп шештіңіздер. Қатысқандардың бәріне рақмет!» делінген.
Қорытынды рейтингте екінші орын Кирибати туына бұйырса, үшінші орынды Бутан иеленді. Ал үздік төрттікке Сейшель аралдарының туы да енді.
Соңғы кезеңдерге дейін жеткен байрақтардың қатарында Ұлыбритания, Бразилия, Шри-Ланка, Ямайка және Папуа — Жаңа Гвинея елдерінің тулары да болды.
Айта кетейік, Reddit платформасында енді тағы бір байқау басталды. Бұл жолы қолданушылар әлемдегі ең үздік мемлекеттік елтаңбаны анықтап жатыр. Қазақстан 26-топқа түсіп, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия, Пәкістан және Мальдив аралдарымен бірге бақ сынауда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да әдеби қауымдастық өкілдеріне арнайы стипендия табысталды

