Президент Солтүстік Қазақстан облысына жұмысы сапары кезінде Петропавл су торабының жұмысымен танысты. Ол Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Әсіресе, биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды.
Қазір су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатыр. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді. Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев та есеп берді.
«Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылды. Әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бөгеттер салу, оларды нығайту болы»,-деді Ержан Ыбыраев.
Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалыптасқан жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жылжымалы басқару пункті жабдықталғаны жөнінде мәлімет берілді. Ол үшін әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі су тасқынына қатысты жағдайдың өзгеруіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер өтемақыға өтініштерін бере бастады