Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, оларға көңіл айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі, Akorda-ға сілтеме жасап.
«Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз»,– деді Мемлекет басшысы.
Қаза тапқан азаматтардың туыстары Президентке қиын жағдайға тап болғанын айтып, тұрмыстық проблемаларын шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ орман шаруашылығындағы олқылықтар туралы арыз-шағымдарын жеткізді. Атап айтқанда, марқұмдардың туған-туыстары резерваттағы материалдық-техникалық база сын көтермейтінін, орманшылардың еңбекақысы аздығын, ал қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары нашар екенін айтты.
Мемлекет басшысы Бас прокуратура осы қайғылы жағдай бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты. Сондай-ақ Президент жақынынан айырылған отбасыларға таяу арада көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырмалар берді.
Тағы оқыңыз: Бүгін-Жалпыұлттық аза тұту күні