1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн – ел тарихындағы маңызды мейрамдардың бірі. Себебі елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осыншама этностың бір мемлекетте бейбіт ғұмыр кешіп, ортақ болашақ үшін еңбек етуі – үлкен жетістік әрі мақтаныш. Петропавлдағы орталық алаңда тұрғындар мен қала қонақтары үшін бірнеше кезеңнен тұратын мерекелік бағдарлама ұсынылды. Театрландырылған концерт, спорттық ойындар көптің көңілінен шықты. Кешкілік бұл алаңда жастар үшін 90-шы жылдардың стилінде би кеші ұйымдастырылады, деп жазады Qazaqstan Media.
Елімізде тұратын 130дан астам ұлт пен ұлыстың татулығын әспеттейтін мерекені тойлауға шыққан халықтың қарасы қалың. Еңбектеген баладан,еңкейген қарияға дейін татулық пен бірлікті тілейді. Карина Ионава анасымен бірге қыдырып шыққан. Ол елдегі бірлік, бала кезден басталады дейді. Сондықтан, ұлт пен ұлысқа бөлінбеуді сұрайды.

«Достарыма,сыныптастарыма айтарым, ешқашан жанжалдаспайық. Тату болайық. Біз дос болсақ, барлығы да жақсы болады. Қала тұрғындарын мерекемен құттықтаймын. Барлық тұрғынға жақсылық тілеймін»,-дейді алтыншы сынып оқушысы.
Бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай күн кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдері үшін Бірлік күні ерекше мейрам. Әсіресе халықтар достығын насихаттайтын, осыдан 30жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы ассамблея мүшелері белсенділік танытып жатыр. Олар мерекенің бел ортасында.

«Қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтаймын. Аспанымызда бұлт төнбесін. Әрқашан бейбіт күнде күн кешейік. Ауызбіршілік,достығымыз нығая берсін. Қазақстан-ортақ үйіміз. Оның гүлденуі өзімізге байланысты»,-дейді ҚХА белсендісі Юлия Родионова.
Бірлік күні — әрбір азаматты достыққа, татулыққа, өзара құрметке тәрбиелейтін мейрам.

Ұйғырдың әні, қазақтың домбырасы, тау халқының лезгинкасы, орыстың сырнайы, белорус халқының әуені. Орталық алаңда түрлі ұлттың жыры мен әні айтылып, биі биленді.


Сондай-ақ, балалар үшін де түрлі спорттық ойындар,көңілді сайыстар ұйымдастырылды. Садақ ату, шахмат,тоғызқұмалақ және асық ату мен арқан тартыс көпшілікті қызықтырды.

Кітапханадан ойын
Ал, Иван Шухов атындағы қалалық кітапхана қазақы үй тігіп, достық шаңырағын ұйымдастырған.

«Біз әр мереке сайын балаларға қызықты ойындар ұйымдастыруға тырысамыз. Әр ұлттың киімін киіп,достық, Қазақстан, ұлттар жайында логикалық интерактивті ойын өткізіп жатырмыз. Шеберлік сағаттарын да өткізудеміз»,-деді кітапхана қызметкері Диляра Ержанова.
Мамырдың мамыражай күнінде орталық алаңға шыққан тұрғындардың көңіл-күйлері ерекше. Отбасы болып,естелік суретке түсіп жатты.

«Алаңға анам және әпкем үшеуіміз шықтық. Мерекелік концерт тамаша өтіп жатыр. Алаңды да жақсы безендіріпті. Бірлік күнінде жерлестеріме тек жақсылық, бейбіт өмір, тыныштық, денсаулық тілеймін. Жанжал, араздық болмасын»,- деп тілегін білдірді қала тұрғыны Светлана.
Бірлік күні тек мереке емес, бұл – еліміздегі бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың және болашаққа деген сенімнің көрінісі. Бұл күн бізге ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір жұдырықтай жұмылып әрекет етудің маңызын еске салады.

Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Бірлік күнімен құттықтады