Петропавлда өңір белсенділерінің қатысуымен “Green time” экомарафоны өтті. Қатысушылар 40 минут ішінде 250 келіден астам қоқыс жинады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
“Green time” спорттық-экологиялық акциясы өңірде дәстүрлі түрде өткізіледі. Мақсаты — тұрғындарды қоршаған ортаға сүйспеншілікпен қарауға шақырып, дене шынықтыру және спортты насихаттау. Бүгінгі іс-шараға өңір белсенділерінен құралған 3 команда қатысты. Оларға қойылған талап, 40 минут ішінде мүмкіндігінше көп қоқыс жинап, өз шапшаңдықтарын көрсету.
“Командалар бір-бірімен жарысты. Жеңімпазды анықтау үшін барлық қоқыс өлшеніп, олардың шапшаңдығы анықталды. Нәтижесінде, “Чистоплотные» командасы 98 келі қоқыс жинап, бірінші орынды иеленді. «Защитники природы» командасы 93 келі қоқыс жинап, екінші орынға жайғасты. 72 келі қоқыс жинап “Помощь рядом” командасы 3-орынға ие болды. Қатысушылар дипломдар және тәтті сыйлықтармен марапатталды. Мұндай, экологиялық акцияларды біз жыл сайын өткіземіз”, — дейді СҚО ішкі саясат басқармасы жастар бастамалары бөлімінің маманы Елена Скакунова.