Петропавл қаласы кешеден бері табиғи апатқа төтеп бере алмай отыр. Жүздеген үйлер суға кетті, бөгеттер қатты ағысқа шыдас берер емес, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қаланың шеткі аудандарын су басып, тұрғындар шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілуде. Әсіресе, Заречный кенті, Былғары зауыты, Ойқала мен Косогор аудандарындағы азаматтар зардап шегуде. Судың көптігі сонша, баспаналардың төбесі ғана көрінеді. Жағдайдың қиын екенін білсе де, тұрғындардың көбі баспаналарын тастап кеткілері келмейді.
«Мен осы жерде 25 жылдан бері тұрамын. Бізді су басқан емес. 2017 жылы да су келген жоқ. Бірақ биылғы судың екпіні жаман. Бізге қауіпсіз жерге көшуге дайын болыңдар деп ескертті. Үйді тастап кетуге қимаймын. Ұрылар түсуі мүмкін ғой», — дейді «Қызылжар су» ЖШС орналасқан ауданда тұратын Александр Михеев.
Зейнеткердің айтуынша ол сағат сайын шығып, маңайды бақылап отыр.
«Су таңертеңнен бері көтеріліп жатыр. Үрей де жоқ емес. Бірақ су біздің үйге келмейді деп үміттенеміз», — дейді қала тұрғыны.