Петропавлдағы «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенінде Жеңістің 80 жылдығына орай патриоттық іс-шара өтті. Оған мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Олар үшін спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қару-жарақ пен әскери техника таныстырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Абылай хан резиденциясына келген жастарға 17-18 ғасырларда ата-бабаларымыз ұстаған қару-жарақ түрлері көрсетілді. Сондай-ақ, бүгіндері әскерилер қолданып жүрген қондырғылар және әскери техниканың эволюциясын көрді. Бұдан бөлек, шараға келген мектеп оқушылары, студенттер мен қала тұрғындары үшін интерактивті көрмелер әзірленіп, садақ ату, гір көтеру сияқты спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Бұл күні жастар әскери ботқадан да дәм татты.
Шараға қатысушылардың бірі — Жанбатыр Сартаевтың әкесі де Ұлы Отан соғысына қатысып, ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен. Ол Сталинград пен Курск шайқастарына қатысып, Берлинге дейін жеткен.
«Әкем Нұртай Сартаев 1903 жылы Преснов ауданы Орталық ауылында туған. 1941 жылы ол соғысқа аттанады. 200-ші артиллериялық полкте зеңбірекші болған. 20-дан астам медалі бар. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Соғыстан оралған соң да ол қол қусырып отырған жоқ. Елі үшін қызмет етті. Әкемнің өмірден өткеніне 39 жыл болса да, оның ерлігін біз үшін үлгі», — деп атап өтті профессор Жанбатыр Сартаев.
Айта кету керек, Абылай хан резиденциясы мен Ұлттық ұлан академиясы меморандум жасасып, осындай патриоттық іс-шараларды жыл сайын өткізуге келісті.
