Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнайы жадынамалар таратып жүр. Ақпараттық парақшада бірреттік төлемді алу жолдары мен қалай өтінім беру керектігі жазылған. Волонтерлер гуманитарлық көмек тарату орындары мен уақытша жатақханаларды паналап отырған тұрғындарды да қамтыған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еріктілер бүгін Петропавлдағы Чкалов көшесінде орналасқан гуманитарлық көмек тарату орнына келді. Бұл қоймадағы заттар Прибрежный мен Былғары зауыт тұрғындарына таратылады. Өңіріміздегі қиын жағдайға бей-жай қарамайтын ел тұрғындарынан бұл қоймаға 100 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілген.
«Біздің қоймадан гуманитарлық көмек алу үшін күніне жүздеген адам келеді. Жастар ресурстық орталығының еріктілері ақпарат тарату жағынан бізге өте жақсы көмек көрсетіп жатыр. Себебі, қазір тасқын судан зардап шеккендер қайда, қалай, кімге жүгіну керек екенін білмейдіде. Біз Прибрежный мен Былғары зауыты ауданы тұрғындарының 90 пайызға жуығына қажетті гуманитарлық көмек тараттық», — деді ҚХА қоғамдық штабының жетекшісі Алла Писаренко.
Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері өңірдегі жағдай бір қалыпқа келгенге дейін ақпараттық жадынамалар таратуды жалғастырмақ. Себебі, зардап шегушілердің көбі әлі әлеуметтік төлемді қалай алу керектігін білмейді.
Тағы оқыңыз:Айыртау ауданында иіс тиіп уланған балалар ауруханадан шықты