Петропавл қаласының 22 жастағы тұрғынынан аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі табылды. Осы іске қатысты материалдар сотқа жіберілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жас жігіт есірткіні бір жерге жасырып кету арқылы таратып отырған деген күдікке ілінді. Мамандар оны Мичурин көшесінде ұстаған. Тұрғыннан ұнтақ тәріздес затпен 36 полимерлік түйіншек тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, 21 түйіншекте мефедрон психобелсенді заты, 15 данасында “тұз” деп аталып жүрген α-PvP заты болғаны анықталды. Алынған синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы 28,08 грамды құрады, бұл аса ірі мөлшерге жатады. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа жіберілді.
“Жыл басынан бері облыста есірткі сатты деген күдікпен 35 адам ұсталды. Тәжірибе көрсеткендей, орта есеппен бес есірткі таратушының төртеуі синтетикалық есірткімен айналысады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҚК-нің 297-бабының санкциясына сәйкес өткізу мақсатында есірткі сақтағаны үшін 10 жылға дейін, ірі мөлшерде – 12 жылға дейін, аса ірі мөлшерде 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген”,– дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық спортшылар Азия біріншілігінде жүлдеге ие болды