Алты ай қыс болатын солтүстік өңір халқы қысты шығарып салды.Петропавлда масленица мерекесі тойланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Масленица христиан діні өкілдерінің мейрамы болғанымен, көп ұлтты еліміз үшін асыға күтетін көктем мерекесі. Масленица бір күн емес, апта бойы тойланады. Әр күнді тойлаудың өзіндік ерекшелігі болады. Дүйсенбі – кездесу күні, сейсенбіде ойын ойналады, сәрсенбіде тәтті тамақ пісірілсе, бейсенбіде серуен басталады, ал жұмада күйеу жігіт қайын ененің үйінде қонақта болса, сенбі қайын апа (қайын сіңлі) шаңырағында жүздесу, ал жексенбі күні кешірім сұрау басталады.
Дәстүрге сай, Петропавлда қысты шығарып салу мерекесі кең көлемде тойланды. Қала өнерпаздары тұрғындарға үлкен концерт ұйымдастырды. Бірлігі жарасқан елдің сипаты ретінде сахнада түрлі ұлттың көңілді әндері шырқалып, биі биленді.
Сонымен қатар, орталық алаңдағы іс-шарада спорттық ойындар да ұйымдастырылды. Мерекеге келген үлкен-кішісі бар үстел ойындарына қызығушылық танытты.
«Біз мерекеге отбасымызбен келдік. Әпкем, жездем, жиенім бар. Жиенім әлі оқушы. Шахмат ойнағанды ұнатады. Қазір сол жиенімнің қалауы бойынша шахмат ойнап отырмыз. Осындай мереке күні тұрғындарға көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Барша халықты масленица мейрамымен құттықтаймын», — дейді қала тұрғыны Надежа Грязнова.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» тойланды