Петропавл қаласындағы №28 жалпы білім беретін мектептің 8 «Б» сынып оқушысы София Махиня ерекше ғылыми жобамен көзге түсті. Жас зерттеуші «Киелі Қазақстан: Ақмешіт үңгірі» атты ғылыми жұмысында Шымкент қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан табиғи әрі тарихи нысан – Ақмешіт үңгірін туристік бағыт ретінде насихаттауды мақсат еткен, деп жазады Qazaqstan Media.
Жобаны дайындау барысында София мен оның жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Муслимова «Киелі мекендер» атты Telegram арнасын іске қосты. Арнада Қазақстандағы қасиетті, тарихи орындар туралы танымдық ақпараттар жарияланады. Қазіргі таңда арнаға алғашқы жазбалар жүктеліп, оқырмандар саны біртіндеп артып келеді.
Ақмешіт үңгірі – табиғаттың таңғажайып туындысы ғана емес, түрлі аңыздарға толы киелі орын. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, үңгірде ерекше акустикалық құбылыс бар: бір шетінен шыққан қатты дауыс кейде жанында тұрған адамға естілмейді. Сондай-ақ, үңгірдің төбесінен тамған су тамшысы адамның үстіне түссе, оның арманы орындалады деген сенім бар.
«Софияның басты мақсаты – осы бағытқа қоғам назарын аудару, ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Ол үшін арнайы брошюралар, бағыттар картасы, көлік қызметтері мен көрікті жерлер тізімін қамтыған нақты жоспар да әзірледі», – дейді жетекшісі Ғалия Муслимова.
Софияның өлкетануға деген қызығушылығы қосымша сабақ барысында оянған. Қазіргі уақытта ол Қазақстанның өзге де киелі мекендері туралы ақпарат жинауға кірісіп кеткен. Жас зерттеуші болашақта бұл жобаны кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тарихи мұраларды насихаттауға ниетті.
Тағы оқыңыз: Жамбыл аудандық ауруханасынның желдету жүйесі жаңартылып жатыр