Облыс орталығында грек-рим күресінен ашық республикалық турнир басталды. Ол ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаңаберген Қармандаевты еске алуға арналған. Оған 100-ден астам балуан қатысып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan media тілшісі.
Жаңаберген Қармандаев СҚО, Мамлют ауданының тумасы. Ол елге танылған жаттықтырушы. Грек-рим күресінен ҚР құрама басшысы болған. Бүгін Петропавлда жерлесімізді еске алуға арналған жарыс басталды.
«Талай шәкірт тәрбиеледі. Қазір сол балалар бапкерлік жұмыс істеп жатыр. Дүниежүзілік күрес федерациясының алтын орденімен марапатталды. Бүкіл дүниежүзіне әйгілі бапкер бола білді», — дейді Жаңаберген Қармандаевтың інісі Абылай Қармандаев.
Жерлесіміз Рауан Бекімов қарағандылық спортшымен белдесуде. Қазақстан және Азия чемпионы атанып үлгерген петропавлдық қарсыласын бірден жеңіп, екінші айналымға жолдама алды.
«Спорт шебері нормативін орындадым. Мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да дайындықты шыңда й түсемін. Осы және өзге де турнирлерде жеңіске жетіп, көк туымызды желбіретсем деймін», — деді Рауан.
Турнирге Қазақстанның 10 және Ресейдің 2 өңірінен спортшылар келген. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша өз араларында мықтыны анықтамақ. Турнир жеңімпаздары ертең анықталады. Жарыстың қорытындысы бойынша чемпиондар мен жүлдегерлер жеңімпаз белдігі, медаль және ақшалай сертификатпен марапатталады.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы мектептердің бірінде спорт зал жоқ