Петропавлда университет, колледж түлектері үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Игі дәстүрге айналған іс-шараға 15-ке жуық жұмыс беруші қатысты. Олар қолдарына енді ғана диплом алған жас мамандарды өз ұйымдарындағы еңбек шарттарымен таныстырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық «Жастар рухы» жастар қанаты филиалы мұндай жәрмеңкені осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Алғашқысына 50-ге жуық жас маман қатысып соның 10-ы еңбекпен қамтылған болатын. Ал, бүгінгі іс-шараға 15 жұмыс беруші мен 100-ге жуық колледж және ЖОО-ның түлегі келген.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілердің сөзінше, қазіргі таңда төтенше жағдай, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы. Мәселен, «Зиксто» АҚ зауытында 280 адам еңбек етеді. Тағы қосымша 10-ға жуық бос орын бар. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қолына енді ғана диплом алған жас маманның бұл жердегі орташа еңбекақысы 119 мың теңгені құрамақ.
«Біздің ұжымға металл жонушы, электржабдықтарының маманы, бас механик сынды қызметкерлер қажет. Жұмысқа орташа білімі бар, колледжді енді ғана тәмамдаған жастарды ала береміз. Мұндай жәрмеңкеге бірнеше рет қатыстық. Нәтижесі жаман емес. Ұжымымызда еңбек ететін мамандардың басым бөлігі жастар», — дейді «Зиксто» АҚ зауытының кадрларды басқару бөлімі меңгерушісінің м.а. Наталья Седенкова.
Тағы оқыңыз: «Өтеді күндер зымырап» кітабының тұсауы кесілді