Петропавлда жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Эко-Батл: Таза Қазақстан» атты зияткерлік ойыны өтті. Оған М.Жұмабаев атындағы Жоғары колледжде оқитын студенттер қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейтін сайыста 50-ге тарта жас білімдерін сынады. Қарапайым тапсырмалар. Алғашқы кезеңде командаларға бөлінген қыз-жігіттер экологияға, қоқысты сұрыптау саласына, заңнамаға қатысты сауалдарға жылдам жауап берді.
«Бұл ойынның басты мақсаты — жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Біз экология күнделікті өмірдің бір бөлігі екенін көрсеткіміз келеді. Командалық жұмыс арқылы қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, ортақ шешім табуға үйренеді. Алдағы уақытта осыған ұқсас шаралар өткіземіз. Мысалы, ақпан айында далада жинастыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», — деді қоғамдық ақпарат орталығының маманы Оксана Гончаренко.
Ал екінші кезең тапқырлықты талап етті. Мұнда қатысушылар экологияға қатысты терминдерді іс-қимылмен, көмекші сөздермен көрсету керек. Жауабын командаластары тапқан жөн. Белсенді болған, көп ұпай жинаған ұжым жеңіске жетті. Жүлдегерлерге дипломдар мен эко-бөтелкелер, кеңсе тауарлары және тәтті-дәмді түріндегі тартулар табысталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да оқушылар арасында өткен пәндік олимпиада аяқталды

