«Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығы: болашаққа қадам». Осындай атаумен Петропавлда тұңғыш рет халықаралық форум өтті. Жиынға 300-ден астам педагог қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Форумға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Эстония елдерінен келген педагогтер қатысып жатыр. Жиында ұстаздар өзара тәжірбие алмасып, бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту перспективаларын талқылады.
«Жаңа дәуірдің мектебі» атты көрме де ұйымдастырылған.
«Білім бір арнада тұрмайды. Тұрақты түрде дамиды. Мұғалімдердің өңірлерден келіп қатысуы, іс-тәжірбие алмасуы, сапалы білім беруге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Форум екі бөлімнен тұрады. Пленарық отырыста негізгі тақырып бойынша теориялық мәлімет берілсе, екінші секциялық отырыста функционалдық сауаттылықты арттыру бойынша практикалық сабақтар көрсетіп, бөлісетін болады», — дейді Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының өкілі Пернегүл Таубай.
Форумға қатысушылардың бірі — Ботагөз Дүненбаева. Ол Қостанай қаласынан келген. 34 жылда талай шәкірт тәрбиелеген білікті маман бүгін өз тәжірбиесімен бөліспек.
«Математикадан өтетін олимпиадаларға оқушыларды үнемі дайындап отыру керек. Сол үшін арнайы жинақ қажет. Алдағы уақытта 34 сағаттық математикалық карусель атты жинақ шығайын деп отыр», — дейді Ботагөз Дүненбаева.
Форумға қатысушылар облысық білім басқармасының алғыс хаттарымен, «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы», Омбы облысының білім беруді дамыту институтының сертификаттарымен марапатталды.