Биыл өңірімізде есірткі сатумен айналысқан 200-ге жуық адам ұсталған. Соның көбі – 16 мен 20 жас аралығындағы жастар. Мұндай статистика Петропавлда өткен «Аналар кеңесінің» кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Біреу білсе, біреу білмес, облыстық ҚХА жаныңда «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Ұйым балаларды тәрбиелеуде, түзу жолға салуда ауқымды жұмыс атқаруда. Баға жетпес ақылдарын айтып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда.

«Республикалық аналар кеңесінің құрамында 13 мыңнан астам адам бар. Соның 400-і — солтүстікқазақстандық нәзікжанды. Әрине, жағымсыз статистикалар көңілге қаяу салады. Бұл олқылықтың орнын толтыру біздің басты міндетіміз», -деді ҚХА жанындағы республикалық «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары Баян Ахатай.
Петропавлда аталмыш кеңестің облыстық филиалының кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіне шығарылған ең өзекті мәселе — жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Өңірлік ақ жаулықтылар бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарған. 1500-ден астам іс-шара өткізген. Жиындар үш мыңға жуық адамды қамтыған.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға биыл 460-тан астам қандас пен қоныс аударушы көшіп келген