Петропавлда мектепке балта және пышақпен қаруланып келіп, қатарластарын жарақаттаған оқушыға қатысты сот үкім шығарды. Қылмыс жасаған 16 жасар Давид Джакеладзе 6 жыл 9 айға сотталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Петропавлдағы № 4-ші орта мектептің 9-шы сынып оқушысы білім беру мекемесіне балта және пышақ ала келген. Кейін ол 2-ші қабаттағы әжетханаға барып бетіне маска тағып, дәлізге шыққан. Сөйтіп алдынан шыққан 10-шы сыныпта оқитын қыз бен ұлға және 9-шы сынып оқушысына шабуылдаған.
Жарақат алған оқушылар бірден ауруханаға жеткізілді. Ал мектепте ойран салған Давид Джакеладзені өзге балалар тоқтатып, полицейлерге табыстаған. Сол кезде оның психиатриялық диспансерде есепте тұрғандығы айтылған болатын. Алайда, кейін сараптама тағайындалып, оның ақыл-есі дұрыс екендігі анықталды.
Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Процесс алқабилердің қатысуымен жабық режимде өткізілді. Прокурорлар оны 6 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған. Судья Әбдіқахар Еркебаев бұл ұсынысты қанағаттандырды. «Кісі өлтіруге оқталу» бабы бойынша сотталған Давид Джакеладзе жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауылшаруашылығы мамандары улы химикаттарды дұрыс сақтамай келген