Ауа райына байланысты Петропавлда кейбір мектептерде екінші кезеңде оқитын сыныптарда сабақтар қысқартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
22-ші қараша күні Петропавлда екпінді жел көтерілді. Түс ауа қар аралас жаңбыр, бұршақ жауды. Салдарынан көшеде көктайғақ болып, жол қозғалысы қиындай түсті. Осындай қолайсыз ауа райын ескере отырып, кей мектептер екінші кезеңде оқитын сыныптардың сабақтарын қысқартты.
«Біз басқарма тарапынан сабақты қысқарту туралы бұйрық бермейміз. Әр мектеп әкімшілігі жеке шешеді. Себебі кейбір аудандарда ауа райы оңтайлы болуы мүмкін, кейбірінде керісінше қолайсыз болуы мүмкін. Сондықтан әр мектеп өзі шешім қабылдайды», — дейді СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.