Петропавлда кәріз құбырын жөндеу кезінде жарылыс болып, бес жұмысшы зардап шекті. Күйік шалған төрт адам ауруханаға жеткізілді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға 19 ақпан кешкі сағат 19:40-та болған. Жуков көшесі, 36 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің ауласында «Қызылжар су» ЖШС жұмысшылары кәріз коллекторындағы ескі құбырды бөлшектеп жатқан. Сол мезетте жарылыс болып бес қызметкер зардап шекті.
«Жұмысшылар жедел жәрдем көлігімен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Төртеуін термиялық күйік шалған. Олардың бас, мойындары күйіп қалды. Ал бір жұмысшы көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Ол енді амбулаторлық ем қабылдайды», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Аталған іске қатысты полиция еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ет тиелген жүк көлігі аударылып қалды