Петропавлда орталық базарда қойылған жылжымалы флюорографтан 47 адам тексерілді. Ол ел бойынша туберкулезге қарсы айлық аясында мүмкін болды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстанда құрт ауруына қарсы айлық ақпанның 24-і басталған болатын. Содан бері түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе көпшілікке індет жайында, оның алдын-алу жолдары жайында ақпарат көптеп таратылды. Биылғы Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінің ұраны — «Біз туберкулезді жеңе аламыз!».
13-ші наурыз күні «Алтын Арман» базарында Солтүстік Қазақстан облысының фтизиопульмонология облыстық орталығы қызметкерлері үлкен акция өткізді. Оның мақсаты — келушілер мен сауда орталығы қызметкерлеріне туберкулез туралы айтып беру. Үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ базар аумағында жылжымалы флюорограф орнатылды. Онда әрбір адам тегін флюорографиялық зерттеуден өте алды. Бір күн ішінде атылмыш тексерістен 47 сауда жасаушы мен саудагер өтті.
«Туберкулез жайында білеміз ғой. Таныстарымыздың арасында ауырғандар да бар. Осындай акция ұйымдастырып, жылжымалы флюрографтан өтуге мүмкіндік болғаны қуантады. Күнде жұмыста жүріп, оған қатты мән бермейміз ғой»- дейді аталмыш жерде жұмыс істейтін Оксана Чмир.
Тағы оқыңыз: СҚО-да екі адамды соғып өлтірген жүргізуші бес жылға сотталды