Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сергей Емельянов, Данил Орлов пен Ирина Скоробогатоваға қатысты апелляциялық шағымды қарады. Нәтижесінде Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталған үшеудің жазасы қатаңдатылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Еске сала кетейік, кәсіпкер Вадим Приходченко мен оның жұбайы Юлия және олардың 17 жасар ұлы Юрийдің денесі 2023 жылы Жаңа жыл қарсаңында өз үйлерінде табылған болатын. Көп ұзамай үш адамды азаптап өлтірді деген күдікпен Сергей Емельянов пен Данил Орлов қамауға алынды. Кейін аталған іске қатысы бар деген күдікпен марқұм Вадим Приходченконың бизнестегі бәсекелесі Ирина Скоробогатова ұсталады. Оған ҚР ҚК 28-бабы 4-бөлігі (Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады) бойынша айып тағылды. Яғни, ол Орлов пен Емельяновты қылмысқа итермелеген болып шықты.

Алғашқы сатыдағы сот отырысы

Аталған іс бір жылға жуық уақыт бойы СҚО қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Ал былтыр қазан айының соңында сот осы үш адамға қатысты үкім шығарды. Сергей Емельянов өмір бойына, Данил Орлов 21 жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Ал Ирина Скоробогатова алғашқы бетте айыпталған ҚР ҚК 28-бабы 4-бөлігі емес, ҚР ҚК 434-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Яғни, ол қылмыс жасалғаны туралы біле тұра жасырғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда мұндай үкіммен прокурорлар да  жәбірленуші тарап та келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Тіпті, қайтыс болғандардың қызы Татьяна Приходченко видеоүндеу жариялап, ата-анасы мен інісін өлтіргендерге жазаны қатаңдатуды сұраған болатын.

Сөйтіп, 2024 жылдың қараша айында апелляциялық сот басталды. Ирина Скоробогатова өзінің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екендігін айтып ақталды. Тіпті, ол марқұм болған Приходченко отбасымен жақсы қарым-қатынаста болған-мыс. Мұндай позицияны ол бірінші сатыдағы сот отырысында да ұстанған болатын.

Сергей Емеляьнов та өзінің ешкімді өлтірмегендігін айтты. Оның сөзінше, қылмыстың барлығын Данил Орлов жасаған. Ол сол күні Приходченконың үйіне барғандығына өкініп, марқұм отбасының қызы Татьянадан кешірім сұрады.

Ал апелляциялық сот отырысында мүлдем кекештеніп, тұтығып сөйлей алмаған Данил Орловтың орнына оның қоғамдық қорғаушысы болған анасы сөйледі. Ол бірінші сатыдағы сот отырысында Орловтың өзі айтқандай, Емельяновтан қорыққандығын жеткізді. Сондықтан қайғылы оқиға болған күні Сергей Емельяновпен бірге Приходченконың үйіне барған. Бірақ ешкімді өлтірмеген.

Жаза қатаңдатылды

Бес айға жалғасқан апелляциялық сот бүгін аяқталды. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сергей Емельяновқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ал Данил Орлов жазасын алғашқыда айтылғандай 21 жыл сегіз ай емес, 23 жыл өтейтін болады. Ирина Скоробогатованың да жазасы қатаңдатылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірген қылмыскерлердің ісі: Апелляциялық сот жазаны қатаңдатты
Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірген қылмыскерлердің ісі: Апелляциялық сот жазаны қатаңдатты

Үкіммен отбасынан айырылған Татьяна Приходченко келіспей отыр.

«Ирина Скоробогатованың аталған қылмысты жасауға итермелегені дәлелденді. Сондықтан мен оған тағайындалған жазамен келіспеймін. Ал Данил Орловты өмір бойына бас бостандығынан айыру керек еді», — деді Татьяна.

Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірген қылмыскерлердің ісі: Апелляциялық сот жазаны қатаңдатты
Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірген қылмыскерлердің ісі: Апелляциялық сот жазаны қатаңдатты

Енді Татьяна Приходченко Жоғарғы сотқа шағым түсірмек. 

Тағы оқыңыз: СҚО-да вагондарды роботтар құрастыратын болады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *