Петропавлда қысқы спорт түрлерінен мектеп оқушылары арасында өтетін «Ақшақар» спартакиадасы басталды. Доданың аудандық іріктеу кезеңіне 10 мыңға жуық оқушы қатысқан. Оның 1300-і үздіктер қатарынан көрініп, облыстық жарысқа жолдама алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Ақшақар» спартакиадасының аудандық кезеңінен іріктеліп шыққан 1300 бала финалдық сынға жолдама алды. Олар шаңғымен жүгіру, президенттік көпсайыс, спорттық бағдарлау, конькимен жүгіру, шайбалы және допты хоккей сынды спорттың 10 түрі бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сондай-ақ сайыс бағдарламасына шахмат, үстел теннисі, футзал кірді.
«Осы жарыстан кейін үздік деп танылғандар республикалық гимназиадаға қатысады. Ол биыл жазда өтеді. Былтыр өткен қысқы гимназиадада біздің облыс 2 орын алған болатын. Осындай шаралар мықты спортшылардың шығуына септеседі. Қысқы спартакиадамызға қатысқан Кристина және Алина Шумековалар бүгіндері дүниежүзілік жарыстарға қатысып жатыр», — дейді облыстық дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақас.
Спартакиада 29-шы ақпанға дейін жалғасады. Жеңімпаздар медаль, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталады
Тағы оқыңыз:Петропавлда Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай жол жиегіндегі ағашқа соғылған