21 шілде күні Петропавл қаласында бір жасар бала асүйде пышақ жарақатын алды. Ол кезде анасы үйде болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға сәби анасы асүйден аз уақытқа шығып кеткен кезде болған. Бала пышақты қолына алып, абайсызда маңдайын жаралаған. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілген.
«Оқиға бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Баланың анасына қатысты баланың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, профилактикалық әңгіме өткізіліп, іс материалдары уәкілетті органдарға жолданды», — деп хабарлады облыстық ПД.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Петропавлда осыған ұқсас қайғылы жағдай тіркелген. Үш жасар бала асүйде болған сәтте пышаққа құлап, ауыр жарақат алған. Ол екі айдан астам уақыт комада жатып, көз жұмды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 20 жастағы жігітті пышақтады деген күдікпен үш жігіт ұсталды