Петропавл қаласында егде жастағы тұрғындарды алдап, ірі көлемде ақша жымқырған күдікті қолға түсті. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жалпы шығын көлемі 5 миллион теңгені құрап отыр, деп жазады Qazaqstan Media.

67 жастағы қала тұрғыны полицияға алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Зейнеткерге үй телефонына бөтен біреу қоңырау шалып, өзін Ресейде тұратын қызы ретінде таныстырған. Жылаңқы дауыспен жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтып, адвокатқа ақша қажет екенін жеткізген.

Артынан өзін адвокат ретінде таныстырған тағы бір адам зейнеткерге хабарласыпты. Қолда бар ақшаны — екі миллион теңгені — такси жүргізушісі арқылы беруін сұраған. Қарияның сеніміне кіріп, үрейін пайдаланған алаяқ әңгіме барысында телефонды сөндірмей, үйде қалдыруды талап еткен.

Біраз уақыттан кейін алаяқ байланысқа шығып тағы да қаражат сұраған. Алайда зейнеткер күмәнданып, байланысын үзіп, немересіне хабарласқан. Немересінің ешқандай оқыс жағдай болмағанын айтқан. Кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, дереу 102 нөміріне хабарласқан.

Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары такси жүргізушісі арқылы ақшаны алған күдіктіні ұстады. Ол — 24 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында күдіктінің тағы бір осындай қылмысқа қатысы бары анықталды. Бұл жолы 88 жастағы зейнеткер үш миллион теңгесінен айырылған.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге ірі көлемде айыппұл салу немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Тағы оқыңыз: СҚО-да көмір қымбаттады 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *