Петропавлдағы көпқабатты үйлердегі лифтілердің жағдайы сын көтермейді. 80-ші, 90-шы жылдары салынған баспаналардағы жеделсатының барлығының дерлік тозығы жеткен. Бүгіндері пайдалану мерзімі өткен 100-ге жуық лифтіні ауыстыру керек. QM редакциясы Петропавл тұрғын үй инспекциясынан бұл жұмыстың қашан жасалатындығын сұрастырды.
Петропавл қаласында қазіргі кезде 564 лифт бар. Оның 450-і көпқабатты үйлерде орналасқан. Бірақ осының 100-ге жуығының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Оларды күрделі жөндеуден өткізу керек не ауыстырған жөн.
«Жалпы лифтілерді қолдану уақыты 34 жыл. Облыс орталығындағы жеделсатылары бар тұрғын үйлердің көпшлігі 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында салынған. Яғни, ондағы лифтілердің барлығының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Қазіргі кезде алты лифт жұмыс істемейді. Оның үшеуіне күрделі жөндеу қажет. Үшеуін мүлік иелері бірлестігінің төрағалары өздері сөндіріп тастады», — деп жауап берді Петропавл тұрғын үй инспециясы басшысының міндетін атқарушы Әсет Ысмағұлов.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, лифтілерді мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткізуге болады. Ол үшін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысу керек. Сол кездереспубликалық, жергілікті бюджеттен қаржы беріледі. Лифтні ауыстыру сомасы жобалық—сметалық құжатқа сәйкес бөлінеді.
«Бүгінгі күні лифт шаруашылығына күрделі жөндеу өткізу үшін төрт көппәтерлі тұрғын үй қаражаттың бөлінуін күтіп отыр. Ол -19 лифт. 12 жеделсатының немесе екі көппәтерлі тұрғын үйдің құжаттары сараптамадан өтуде. 19 жеделсатының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр», — деп нақтылады Әсет Ысмағұлов.
Петропавлда лифт шаруашылығын күтіп ұстайтын төрт мекеме бар. Тұрғындардың көпшілігі Беларусь және Қытай елінен шығарылған лифтілерді орнатуға ниетті екен.
Тағы оқыңыз: СҚО-да сегіз елікті атып өлтірген браконьерлер ұсталды