Петропавлда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» ЖҚ мүшелері ескі қалалық зираттағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған мемориалды тазартты. Ол «Бірлік ағашы» республикалық акциясы және «Таза бейсенбі» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Экоакцияға қатысушылар ескерткіш аумағын қоқыстан тазартып, бояу жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама – батыр бабалардың рухына тағзым етумен қатар, қазіргі ұрпақтың бірлігі мен ынтымағын көрсетудің маңызды көрінісі.

«Бірлік күні – тек қана достық пен келісімнің мерекесі емес, сонымен қатар, Отан үшін жанын пида еткен барлық азаматтарды еске алу мүмкіндігі. Оларды бір мақсат – елге деген шексіз сүйіспеншілік біріктірді. Біз де бүгін сол ерлікке құрмет көрсетіп, бірге атсалысып жатырмыз. Бұл іс-шара ұлтаралық татулықты нығайтып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосады деп сенемін», – деді «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы «AMANAT» партиясы үшін дәстүрлі шараға айналған. Бұл игі бастама ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын көрсетеді.

Тағы оқыңыз: М. Жұмабаев ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтілді