Петропавлда «Бір үйдің баласындай” атты гала-концерт өтті. Орталық алаңда түрлі ұлт өкілдері өз өнерлерін көрсетіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
130-дан астам ұлт пен ұлыс мекендейтін еліміз үшін Қазақстан халықтарының бірлігі күні ерекше маңызға ие. Мемлекетіміз мерекені 1996 жылдан бастап тойлап келеді. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
“Бүгінгі мереке елімізде тұрып жатқан барша ұлт пен ұлыс өкілдері үшін өте маңызды. Себебі, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан неміс, қазақ, орыс, татар, поляк және өзге де ұлт өкілдері бір отбасына айналғандай. Біздің Отанымыз, тарихымыз бір. Біз бір-біріміздің тіліміз мен салт-дәстүрлерімізді сыйлап, құрмет көрсетеміз”, — дейді “Қоғамдық келісім”КММ басшысы Динара Оразбаева.
Сондықтан мейрамды кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналған. Бүгін де шаһардың орталық алаңына жиналғандар үшін көрмелер, ұлттық ойындардан жарыстар, түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрлері көрсетілді. Бұдан бөлек, “Бір үйдің баласындай” ұлттық мәдениеттер мен халық шығармашылығы конкурсының жүлдегерлері гала-концертте өнер көрсетті. Аталмыш фестиваль Петропавлда сәуірдің 26-сы өткен еді. Оған 300-ге тарта адам қатысты.
“1-ші мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнінде қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында барша мәдени ошақтардың әртістері және ҚХА-ның өкілдерімен бірігіп арнайы концерт ұйымдастырдық. Мұнда фестивальге қатысқан барлық өнерпаздардың басын қостық. Олар жиналғандарға өз өнерлерін көрсетуде”, — дейді Петропавл қаласы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәлі Испанов.