Петропавлдағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына қазақтың біртуар ақыны, өлең сөздің дүлділі Жамбыл Жабаевтың суреті салынды. Алыстан көз тартар ерекше туынды әйгілі тұлғаның есімі берілген 53-ші үйде бейнеленген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еске салсақ, 2020 жылы облыс орталығындағы үйлердің біріне ұлы ойшыл, артынан өшпестей із қалдырған Абай Құнанбаевтың бейнесі салынған еді. Сонадайдан менмұндалап тұратын туынды қала тұрғындары мен қонақтарының бірден көңілінен шықты. Ал, биыл Петропавлдағы баспаналардың бірінде Жамбыл Жабаевтың суреті пайда болды. Жамбыл Жабаев көшесі, 53 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйдегі туындының авторы – жерлесіміз, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.
«Портретті үйдің қабырғасына орнату шыны керек оңай болмады. Қойылған әр керамикалық тақтайшалар нөмірленген, сондықтан бұл жұмысты аз да болсын жеңілдетті десек те болады. Жалпы, Жамбыл Жабаевтың бейнесі 7-8 ай ішінде дайындалды, ал қабырғаға орнатуға 1 ай кетті. Плиталар 830 градус температурасында бекітілді. Сондықтан туынды біраз жылдар бойы көз қуантып тұрады деген үміттеміз», — дейді Болат Әсербеков.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров пайда болған бейне қала көркін одан әрі ашып, тұрғындардың көз қуанышына айналады деген пікірде.
«Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай жерлес ақынның бейнесі де көпқабатты үйлерге салынады. Сәйкесінше, жаңа туынды Мағжан Жұмабаевтың аты берілген көшеден орын теппек», — дейді Әділбек Әубәкіров.
Тағы оқыңыз: Қазақстандағы ауасы ең лас қалалар қатарында Петропавл да бар