Петропавлда келер жылы облыс спортшыларының жеке заттары қойылған музейдің құрылысы басталмақ. Істі облыстық күрес федерациясының президенті Бауыржан Құлжанов қолға алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі
Зейнеткер бұған дейін спортшыларға арналған аллея ашқан болатын. Алаңда талай дүбірлі додада еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биік деңгейге көтеріп жүрген саңылақтарға арналған 30-дан астам ескерткіш орын тепкен. Биыл жасы жетпіске жеткен Бауыржан Құлжанов үйінің бір бөлмесін спорттағы жетістіктеріне арнап, кішігірім музей ашқан. Онда чемпионның жеңіп алған жүлделері, спортшылардың сыйлықтары, жарыстардан фотосуреттер мен құнды құжаттары сақталған. Келер жылы ардагер музейді кеңейтіп, аллея алдында үлкен ғимарат тұрғызбақ. Онда Бауыржан Құлжановтың ғана жетістіктері емес, барша облыс спортшыларының естеліктері қойылады.
«Үйімнің қасында алаң бар. Соны сұрап алып музей салсам ба деген идея келді. Қазір жаңа музей ғимаратының сызбасы дайын болған. Келер жылы құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз»,— дейді спорт ардагері.