Петропавлда «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» күніне арналып іс-шара ұйымдастырылды. Жиналған 6 жұп шығармашылық өнерлерін паш етіп, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ғашықтар күніне орайластырылған жиынның басты мақсаты – махаббат күнін дәріптеп, жастар арасында отбасы құндылықтарын нығайту. Алдымен 6 жұпқа Қозы Көрпеш – Баян сұлудың ыстық сезімдері баяндалып, мерекенің шығу тарихы айтылды. Жалпы, бүгінгі шара байқау ретінде ұйымдастырылып отыр. Яғни, қыз-жігіттер берілген 5 тапсырманы орындап, шығармашылық нөмір көрсетті.
«Жастардың өнерін 3 адамнан тұратын қазылар алқасы бағалайды. Басты назар дайындықтарына, көрермен алдында өздерін ұстауларына аударылады. Жұптардың бір-біріне деген көзқарасы, бірігіп тапсырмаларды орындаулары да ескеріледі. Жалпылай алғанда, осындай шара арқылы жас отбасылардың берекесін нығайтуға болады деген үміттеміз», — деді NEET санатындағы жастар бастамалары және жастармен жұмыс бөлімінің инструкторы Сәлімхан Сәбитов.
Ерлан мен Алуа университет қабырғасында танысқан. 3 жыл қыз-жігіт болып кездесіп, отау құрған. Бүгінгі байқауға махаббат жайлы ән дайындап әкеліпті. Абдрахмановтар жанұясы осындай шара тарихымызды тереңнен білуге септеседі деп санайды.
«Үйленбей тұрып, бір-бірлеріңізді жақсылап танып алуға кеңес береміз. Өзіміз тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Бұның сыры – бір-біріміздің жанымызды түсініп, сөздерімізді тыңдай алуымызда деп білеміз», — дейді Ерлан Абдрахманов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да желшешек жұқпасы өршіп тұр