Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде баскетболдан қайырымдылық-шоу матчы өтті. Ойын “Қоғамға қызмет” жобасы аясында ұйымдастырылған. Шара барысында сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндердің қажетіне 1 млн 885 мың теңге жиналды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Спорттық ойын жергілікті “Senim” оңалту орталығын қолдауға бағытталған. NIS баспасөз қызметінің хабарлауынша, сайыста мектеп оқушыларының командасына жергілікті мемлекеттік орган басшыларының, мәслихат депутаттарының, спортшылар мен қоғам белсенділерінің құрамасы қарсы шығып, жиналғандарға әдемі ойын көрсетті.
“Бұл іс-шараның басты мақсаты – сал ауруымен ауыратын балаларға көмек көрсету. Біз оқушылардың бойында академиялық дағдыларды қалыптастыруды ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін дамытуға да тырысамыз. Бүгінгі шара бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстың жақсы нәтижесін көрсетіп отыр”, – деді “Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Тағы оқыңыз: Бокстан әйелдер арасындағы жазғы спартакиада өз мәресіне жетті