Петропавлда конькимен жүгіру спортының өкілдері үшін жаттығатын мұз айдыны жоқ. Бүгіндері олар «Қарасай» стадионындағы шағын алаңда жаттығып жүр. Бірақ ол жер талапқа сай емес. Спортшылардың жағдайын айтып облыс әкіміне конькишілердің жаттықтырушысы Ольга Ихтендрис келді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Олга Ихтендрис биыл Оңтсүтік Кореяда өткен олимпиадада ел намысын қорғаған Алина мен Кринстина Шумековалардың жаттықтырушысы. Айтуынша, қысқы спортпен айналысуға өңірде жағдай дұрыс жасалмаған. Мысалы, облысымызда конькишілерге арналған кәсіби алаң жоқ.
«Павлодар қаласында конькимен жүгіру спорты үшін жаңа мұз алаңы салынып жатыр деп естідік. Петропавлда да сондай болса деген ұсыныс бар. Жалпы Қазақстан бойынша талаптарға сай жалғыз алаң Астана қаласында. Жарыстардың бәрі сонда өтеді. Біз де сол жаққа барып жаттығамыз. Бірақ, балаларымыз осы жерде жаттығып, дайындалса деген өтініш бар. Бүгіндері біз «Қарасай» стадионында дайындалып жүрміз. Бір айналым 250 метр ғана. Талап бойынша 400 метр болу керек», — дейді өтінішін айтқан жаттықтырушы.
Жастар арасында конькимен жүгіру спортына деген қызығушылық артқан. Сондықтан облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов Ольга Ихтендристің сұрауын жан-жақты талқылап, қарастырамыз деді.
«Мен өзімде бір кездері спортпен шұғылданғанмын. Әрине мұз алаңы үшін орындарды қарастырамыз. Алаң іздейміз. Байқауымша бізде спорт жақсы дамып келеді. Оны қолдау керек. Үлкен кешен салмасақ та, конькимен жүгіру талаптарына сай алаң салуға болады деп ойлаймын», — деді өңір жетекшісі.
Бұл орайда облыстық спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехев мұз айдынын «Динамо» стадионында ұйымдастыруды ұсынды. Бірақ ол тек қыс мезгілінде ғана пайдаланылады.
«Қарасай» стадионындағы мұз алаңын кеңейте алмаймыз. Себебі, футбол алаңын біз УЕФА стандартына сай жасап жатырмыз. Хоккей қораптары шағын. Оларды кеңейте алмаймыз. Менің ойымша, Динамо стадионында қыс мезгілінде су құйып, мұз айдынын жасауға болады», — деді басқарма басшысы.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық ұстаз өз қаржысына спорт кешенін салып бермек