42 жастағы петропавлдық алаяқтардың сөзіне иланып, 2 млн 200 мың теңгесінен айырылып қалды. Айлакерлер тұрғынды табыс табуға шақырып, жалған жарнамаларымен қызықтырған көрінеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында интернет-алаяқтық фактілері соңғы 5-6 жылда өршіп кетті. 2017-де мұндай 61 факті тіркелген еді. Одан кейін 123, келесіде – 230, 2020 жылы – 495, 2021 жылы – 700 қылмыс дерегі жазылды. Өткен жылы 781, ал биыл интернет-алаяқтықтың 400 фактісі анықталды.
«Тұрғындармен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында интернет-алаяқтықтардың саны 13,8%-ға азайды. Жалпы, аталған қылмыстардың өршуіне еліміздегі IT-технологиялардың дамуы әсер етті. Пандемия уақытында тұрғындар жаппай интернет арқылы тауарларға тапсырыс беріп кеткенін білеміз. Дәл осы уақытта арам пиғылын іске асырушылардың саны артты. Негізінен, алаяқтардың құрығына көбіне Петропавл қаласының тұрғындары түсіп жатады», — деді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Харипов.
Тәртіп сақшылары киберқылмыскердің жиі қолданатын айла-тәсілдерін атап шықты. Оның біріншісі – банк қызметкері ретінде қоңырау шалу. Алаяқтар тұрғындарды белгілі бір қосымшаларды жүктеуге үгіттейді. Осылайша, оның телефонына, жеке деректеріне қол жеткізіп алып, ойына келгенін жасайды. Шілде айының соңында 52 жастағы облыс орталығының тұрғыны үйде отырып 830 мың теңгесінен қағылды. Белгілі болғандай, бәзбіреулер оған хабарласып, алаяқтардың банкте есепшот ашқанын айтып сендірген. Операцияны жою үшін ұялы телефонға қосымша жүктеуге шақырыпты.
«Қазір Instagram, YouTube желілерінде табыс табуға тартатын бейнероликтер қаптап кетті. Оларға сенуге болмайды. Мысал ретінде, 42 жастағы тұрғынның оқиғасын келтіргім келеді. Азамат әлеуметтік желілердегі жарнаманы көріп, сілтеме бойынша өткен. Бейтаныс біреу қоңырау шалып, ақша қосып, үстінен одан да көп пайда табуға шақырыпты. Осылай бір апта жүріп, 2 млн 200 мың теңгесінен айырылды. Бірақ, үстінен бір тиын да түспеген», — дейді Мадияр Харипов.
Киберқылмыскерлер тұрғындарға туыстарының жол апатына түскенін айтып, ақша талап етіп жатады. Қулықтың бұл түріне 56 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны сеніп қалған. Біреулер қызының апатқа ұшырағанын айтып, іс қозғамау үшін отаға белгілі бір мөлшерде ақша беруін сұраған. Уайымға салынған нәзікжанды жиған-терген 16 млн теңгеден астам қаржысын бере салған.
«Біраздан кейін зардап шегуші қызымен байланысқа шығып, алданғанын түсінген. Дереу полицияға жүгінді. Іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталды. Одан 9 895 200 теңге алынды. Қалған соманы басқа біреуге аударып жіберіпті. Осы ретте бөтен біреулердің сөздеріне сенбеуге шақырамыз. Танымайтын адамға ақша жіберіп, жеке деректерді айтуға болмайды», — дейді маман.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «AMANAT» депутаты өз қаражатына мектепке есік орнатты