Солтүстік Қазақстан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану және міндетті төлемдерді төлемеу фактілері анықталды. Бұл туралы СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Прокуратура мәліметінше, биыл 7 тамызда Петропавл маңында кәсіпкер арнайы техниканың көмегімен рұқсатсыз саз өндірген. Барлығы 50 тонна топырақ шығарылған. Бұл дерек полицияда тіркеліп, Экология департаментіне жолданды. Нәтижесінде кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.
Сонымен қатар тексеру барысында 2024–2025 жылдары 11 жер қойнауын пайдаланушы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударуға тиіс 10,5 млн теңгені төлемегені анықталды. Бұдан бөлек, жер асты суларын пайдаланатын 26 субъект жалпы сомасы 29 млн теңге көлеміндегі қол қою бонусын төлемеген. Прокурорлық шаралар нәтижесінде мемлекет пайдасына 18 млн теңге өндірілді. Қалған қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Прокуратура жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы ағза донорын күтіп отырған жандардың көбі бүйрекке мұқтаж

