Петропавлда қоқыстарды дер кезінде шығармау, заңсыз қатты тұрмыстық қалдықтар алаңын ұйымдастыру соңғы кезде өзекті проблемаға айналған. Оны қала әкімі де мойындап, мәселені жан-жақты шешіп жатқандарын айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс орталығында қоқыс шығару үшін тариф бағасы өскен болатын. Оның құны 2017 жылдан бері көтерілмеген еді. Бірақ, тариф өскенмен, мәселе шешілген жоқ. Шаһар басшысы Серік Мұхамедиев брифингте, тамыз айынан бері Петропавлда 3 рет қоқыс шығару жұмыстары кешіктірілгенін айтты. Салдарынан қалада тұрмыстық қалдықтар үйіліп жатты.
«Қоқыс шығаратын машиналар сынды, жұмысшылар жетіспейді деді. Бірақ мұның бәрі сылтау. Біз жауапты компанияларға айыппұл санкцияларын қолданып келеміз. Бұл — бәсекелестік тудыратын сала. Сондықтан біз басқа қоқыс шығаратын серіктестіктерді де қарастырып, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өзге кәсіпорындарды тартуға дайынбыз. Бастысы халыққа сапалы қызмет көрсетсе болды», — деді спикер.
Петропавл қалалық әкімдігі қоқыс шығаратын бес жаңа машина сатып алған. Ол жыл соңына дейін жеткізіледі. Қалдықтарды төгетін 100 еуроконтейнер де алыныпты. Осындай тағы 50 жәшік жыл соңына дейін орнатылады.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның 27 тұрғыны қаржы пирамидасына кіріп, 22 млн 700 мың теңгесінен айырылған