Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник облыстық көпсалалы аурухана жұмысымен танысып, дәрігерлермен де тілдесті. Биыл емдеу мекемесіне 20 жас маман келіп, кадр мәселесі толығымен шешілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық көпсалалы аурухана дәрігерлерінің жалақысы қазіргі уақытта 868 мың теңгеге дейін жетеді. Ал медбикелер болса 374 мың теңге еңбекақы алады. Биыл облыстық ауруханада кадр мәселесі толығымен шешілген.
«Жаңадан келген жас дәрігерлерге мамандықтарына сәйкес 1,5-3 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетеміз. Мәселен, өткен жылы гинеколог бізден қосымша 1,5 млн теңге алды. 2022 жылы біз дәрігерлерге жалпы 40,5 млн теңге көтермеақы төледік. Сонымен қатар біз дәрігерлерімізді тұрғын үймен де қамтамасыз етуге тырысамыз», — деді көпсалалы облыстық аурухананың бас директоры Сәкен Амрин.
Биыл медициналық мекемеге заманауи қондырғылар алу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін әрқашан дәрігерлердің біліктілігін арттырып, жаңа технологиялармен жұмыс істеу керек. Енді мен сіздерде жаңа заманауи аурухана салынады деп үміттенемін. Сонда солтүстікқазақстандықтарға медициналық көмек көрсету сапасы тіптен жақсара түседі», — деді денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Кейін вице-министр перинаталдық орталыққа да барды.