Әріптесін соғып кеткен колония қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

Биыл мамыр айында әріптесін көлікпен қағып, кейін оны бұтаның арасына апарып тастаған колония қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Оқиға биыл мамыр айында болған. Бұл туралы Qazaqstan Media тілшілері бірнеше рет материал әзірлеген еді. Сол кезде СҚО бойынша ҚАЖД №52 мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Арман Алтайбеков түнде Мамлютка қаласы жағынан Петропавлға келе жатып, адам қағып кетеді. Кейін оны көлігінің артқы орындығына жатқызып, ауруханаға емес айдалаға апарып тастаған.  Ал колония қызметкері соғып кеткен адам өзге емес, өзінің әріптесі болып шықты. Ол – № 50 мекеменің бақылау қызметі бөлімінің қарауыл бастығы Александр Омельченко еді. Бұталардың арасында қансырап жатқан оны тек 8 сағаттан соң ғана тапқан. Бүгін Петропавл қалалық соты аталған іске нүкте қойды.  

«Айыпталушы ауырлығы аз қылмыстық құқық бұзушылық пен қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған бір жылдық мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Тағы Арман Алтайбеков үш жылдық мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ ол 1 жыл пробациялық бақылауда болады. Бұдан бөлек, тағайындалған жаза мерзімі аяқталғанша Алтайбеков, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 сағаттан, бірақ күніне төрт сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылсын», – делінген сот үкімінде.

Бұдан бөлек, Арман Алтайбеков екі млн теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Айта кетейік, жәбірленушінің өзі де әріптесін қатаң жазаламауды сұраған. Сот үкім шығарарда бұдан өзге де жеңілдететін жағдайларды ескерген. Олар №52 мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының бұрын істі болмағанын, жас балаларының болуын, және барлық шығындарды өтеуін негізге алған. Сондай-ақ, ол кінәсін толығымен мойындап, сотта өз әрекетін былай деп түсіндірген.

«26 мамырда түнгі уақытта Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылынан шығып, қалаға қарай бара жатқанмын. Жолда көліктің оң жақ жарық шамы істен шықты. «Талғар» дәмханасына жете бергенде қараңғыда жаяу жүргіншіні байқамай соғып кеттім. Кейін далаға шығып, жерде жатқан Александр Омельченконы көрдім.  Ол өзін ауруханаға немесе үйге апаруын өтінді. Оны көлігіме отырғызып, ауруханаға апарамын деп ойлағанмын. Бір кезде оның үні шықпай қалды. Мен ол өліп қалған шығар деп қорқып, жол бойындағы бұталардың арасына апарып тастап кеттім. Сосын үйге оралдым», – делінген қылмыстық іс материалдарында.

Ал таңертең ол түк болмағандай жұмысқа барған. Сол кезде оны полиция қызметкерлері ұстады. Осы оқиғадан кейін Арман Алтайбеков бірден жұмыстан шығарылып, әділет капитаны деген арнайы атағынан айырылды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да есірткі саудасына қатысты жазаланғандардың төрттен бірі – 23 жасқа дейінгі жастар

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x