СҚО полицейлері 5 күнде облыс аудандарының тұрғындарынан тіркелмеген 7 мылтық тәркіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ақжар ауданының 64 жастағы тұрғыны 16 калибрлі ИЖ сыңар ауыз мылтықты қорасында сақтаған. Ер адамның айтуынша, қаруды өзеннің жағасынан тауып алған. Бұл жайлы полицияға хабарлаудың орнына, үйіне алып кеткен. Тұрғынға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша материал жиналды. Аталған факті “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында үй-үйді аралау кезінде анықталды.
«Жедел-профилактикалық іс-шара 5 қазаннан бастап өткізіліп жатыр. Облыс аудандарында барлығы 7 қару тәркіленді. Аулаларды аралаудан бөлек, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, қыстақтар мен мал қамайтын учаскелердегі үй-жайлар тексерілді. Сондай-ақ тіркелген қаруы бар 4 мыңнан астам адамға тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жүргізілді. Олардың тарапынан қаруды сақтау және қаруды қайта тіркеу ережелерінің 22 бұзушылығы анықталды. Адамдарды тіркелмеген қару-жарақ үлгілері мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыруға шақырамыз. Тек осылай ғана жауапкершіліктен құтылуға болады», – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мәдиев.
Тағы оқыңыз: Облыста тіркемелі техника мен крандар шығарылмақ