Елімізде несиесін 90 күн өтемей жүрген қазақстандықтарға тұтынушылық несие қайта берілмеуі мүмкін. Бұдан бөлек қолданыстағы несие бойынша төлем мерзімін 3 ай кешіктірген жағдайда сыйақы есептеуге тыйым салынбақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл норма өткен аптада Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған.
«Проблемалық қарызы бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады. Проблемалық кредиттерді реттеу рәсімдерін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту маңызды шараға жатады», — деді депутат Үнзила Шапақ.
Халық қалаулысы соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру тәжірибесі қалыптасқанын айтты.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда әйелдердің 64 пайызы қалада тұрады