Алдағы оқу жылында жергілікті университетке 1124 талапкер қосдипломдық білім беру бағдарламасы бойынша оқуға түсуге өтініш білдірді. Құжат тапсырғандардың арасында СҚО тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Семей, Ақтөбе қалаларының жастары да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2022 жылдың 6 қыркүйегінен бері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Аризона университетімен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қосдипломдық білім беру бағдарламасында студенттер 3 бағыт бойынша оқытылады. Олар: биология ғылымдары, ақпараттық технологиялар және инклюзивті білім беру. Соңғы аталғаны биыл алғаш рет қолға алынбақ. Оқыту процесі ағылшын тілінде жүргізіледі. Соңында студентер қазақстандық және американдық дипломға қол жеткізеді.
«20 шілдеге дейін университте құжаттарды қабылдадық. Аризона университетімен бірлескен қосдипломдық бағдарлама аясында білім алуға 1124 мектеп түлегі ниет білдірді. Биыл оқу ордасына түсуге еліміздің басқа қалаларынан көп өтініштер түсті. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, т.б қалалардың тұрғындары бар. Аталған бағдарламаның басты артықшылығы – студенттер 4 курстың 1 семестрінде АҚШ-тың Аризона университетінде білім алады», — дейді Педагогикалық факультеттің деканы Айгүл Нұрпейісова.
Негізі 1885 жылы қаланған Аризона университетінің өзі Американың Тусон қаласында орналасқан. Ол әлемдік университеттер рейтингінде үздік жүздіктер қатарына енеді. Былтыр жергілікті оқу орнында сабақ беру үшін 3 профессор келген болатын. Биыл білім беру бағдарламаларының саны көбейгендіктен, сәйкесінше оқытушылар саны да артпақ.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы жылу электр орталығының оранжереясында 100-ден астам өсімдік бар