Өткен мереке күндері Солтүстік Қазақстан облысында 43 нәресте дүниеге келді. Оның 26-сы ер бала болса, қалған 17-сі қыз, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
6 мамыр күні облыстық перинаталдық орталықта 15 жаңа туған сәбидің іңгәлаған үні естелді. Ал мерекелік демалыстардың басында, яғни айдың 7-ші жұлдызында сағат таңғы 9 жарымда шекесі торсықтай ұл дүние есігін ашты. Ер азаматтардың мейрамында өңірде жалпы 11 шақалақ туды. Оның сегізі – ұл, қалғаны қыз. Босанған келіншектердің алтауы – Петропавл қаласының тумасы. 5 нәзікжанды ауданнан келген.
«8 мамыр күні перинаталдық орталықта аудандардан келген 4 келіншек босанды. Осы күні туған 6 сәбидің екеуінің анасы – қала тұрғыны. Ал Жеңіс күні мерекесінде 11 нәресте солтүстікқазақстандықтардың қатарын көбейтті. Ең бірінші болып сағат 11:35-те ер бала дүниеге келді. Одан кейін 6 ұл мен 4 қыз отбасыларын қуантты. Жалпы сәбилердің барлығы да мерзімі жетіп туылып отыр, жағдайлары жақсы. Аналарының да денсаулықтары көңілден шығады», — деді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тұрғындарды оқыту басталды