Петропавлдағы кейбір мектептердің алдағы оқу жылына дайындығы көңіл көншітпейді. Оған білім ордаларын аралаған өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров көз жеткізді

Петропавлдағы кейбір мектептердің алдағы оқу жылына дайындығы көңіл көншітпейді. Оған білім ордаларын аралаған өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров көз жеткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Білім ордаларында ағымдағы жөндеу, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру, сыныптарды жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Петропавлдағы №17-ші мектепте биыл толығымен кәріз жүйесі жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстарына «СпектрСтройсевер» серіктестігі жауапты. Ғимаратты жөндеуге бюджеттен 17 млн теңге бөлінген. Білім ордасында жөндеу жұмысы жүргізіліп, қабырғалары сырланып, линолеумдері ауыстырылып жатыр. 

Ал Петропавлдағы «BEST» гимназиясында 900-ден астам оқушы білім алады. Нысанда күрделі жөндеу жұмыстары осыдан бес жыл бұрын жүргізілген. Мектептің маңындағы көгал шабылмаған, футбол алаңының да жағдайы мәз емес. Мұнымен қоса, білім ордасының ауласы шұрық-тесік, кәріз құдықтары бар.  Облыс әкімі жаңа оқу жылына дейін барлық олқылықты түзетуді тапсырды.

«Мектептегі көгалды ретке келтіріңіздер. Бір футбол алаңын орнату қажет. Орталықта орналасқан білім ордасы болғандықтан, балалар кез-келген уақытта, демалыс кезінде де мұнда келіп ойнай алатын болуы керек», — деді СҚО әкімі.

Аймақ басшысы «Дарын» мектеп-лицейіне де барды. Оқу орнының жылу жүйесіне қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 38 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарына Қарағандылық компания «Тілек-2030» ЖШС жауапты. Алайда олар шамамен бір апта бұрын ғана шаруаға кіріскен. Мектепке Қазақстанда және көршілес елдерде жоқ заманауи жылыту құрылғылары орнатылып жатыр. Бірақ, жұмысқа тек 2 адам ғана тартылған. Техникалық қадағалауға жауапты мамандардың сөзінше, серіктестік жөндеу жұмыстарына 10-нан астам адамды жұмылдырса ғана 25 тамызға дейін үлгеруі мүмкін. Алайда, мердігер компанияның басшысы жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын және белгіленген уақытқа дейін аяқтайтынын айтты. Айдарбек Сапаров оның сөзіне күмән келтіріп, келісімшартты бұзу қажеттігін атап өтті.

Петропавлдағы Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында 500 оқушы білім алады. Олардың көбі интернатта тұрып оқиды. Қазір мектептегі жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 55 миллион теңге бөлінген. Тексеру барысында мектептің жаңа оқу жылына мүлдем дайын еместігі анықталды. Санитарлық бөлмедегі душтар дұрыс істемейді, дәретханалардың да жағдайы мәз емес, спортзалға тіптен кіріп болмайды. Нысанның төлқұжаты бойынша жұмыс шілде айында аяқталуы керек болған. Мектептің ауласындағы көңіл көншітпейді. Облыс әкімі бұл жерге жаңадан мектеп-интернат салу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, мектептің аумағын абаттандыру керек екенін де атап өтті.

«Жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіп, ғимараттың ішін жөнге келтіріп, сыртын да қаптау қажет. Спорт залы бар жақсы интернат салу керек», — деді Айдарбек Сапаров.

Қалалық жалпы білім беретін ІТ лицейде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп ғимараты жеке кәсіпкерге тиесілі. Ай сайын мемлекет 500 мың теңге беріп, нысанды жалға алады. Оқушылар үшін кәсіпкер барлық жағдайды жасауы керек деді облыс әкімі А. Сапаров.

Петропавлдағы №27 мектеп те тексерілді. Білім ордасындағы сумен жабдықтау жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 22 млн теңге бөлінген. Мектептің спорт залы жөнделіп, сыныптары да ретке келтірілген. Мектептің жағдайы жақсы, абаттандыру жоғары деңгейде жүргізілген.

«№6, №7 мектепті аралап шықтым. Білім ордалары 1 қыркүйекке дайын емес. Мен жедел кеңес өткіздім, тапсырмалар бердім. Еш өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Жұмысты күшейтуіміз қажет. Аппарат шұғыл және тез арада комиссия құруы керек. 3 адамнан бөлініп, олар әр аудандардағы мектептерді қадағалап шығулары керек. Ал қала бойынша 5 комиссия құрыңыз. Петропавлдың барлық мектептері қамтылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарына да назар аудару керек. Әр сыныпты жіті тексеру қажет. Жылыту маусымына дайындық пысықталсын. Аудандарға көмірдің уақытылы жеткізілуін назарға алыңыздар», — деді облыс әкімі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да егілген көшеттер өспей қалды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x