Депутат Дәулет Мұқаев ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды. Бұл туралы ол Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ұлттық киім кию дәстүрін насихаттау керек екенін айтты.
«Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киіміміз өзімізде емес, өзге елдерде кеңінен ұлықталып жатыр. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп елдің назарына түскен видеосы 5 миллионға жуық қаралым жинап, халықтың ыстық ықыласына бөленген», — деді Мұқаев.
Оның айтуынша, елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждермен және акциялармен ғана ұлықталуда.
«Соңғы уақытта жалпы халық арасында «Ұлттық сезім» жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды. «Ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек» деп Президентіміз де үндеу тастаған еді», — деді Дәулет Мұқаев.
Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет.
«Мәселен, бауырлас қырғыз халқы басынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ оның қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Ол қала берді, ұлттық киімдерін сақтау мақсатында 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Мұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес, әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар. Көршілес өзбек халқы да ала тақиясы мен шапанын күнделікті киеді. Сол секілді шешен халқы да елтірі бөрігімен ерекшеленеді», — деді депутат.
Депутат Үкіметтен шара қолдануды сұрады.
«Біз де өз ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айрылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу. Үшіншіден, ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру», — деді ол.
Сондай-ақ ол мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеуді сұрады.
«Парламент төрінде, миллионнан астам оқырманыма да ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттап жүргенімді жақсы білесіздер. Осындай үрдісті Сіздер де іліп әкетіп, қолдасаңыздар көпке қозғау салар еді», — деді ол.
Тағы оқыңыз: Петропавлда студенттер теңіз балдырынан тағамдық қаптама жасап шығарды