Гүл шоқтары ұзақ уақыт өзінің хош иісін сақтап, көзді қуантып тұруы үшін не істеу керек? Бұл сұрақ нәзікжандылардың көпшілін мазайтыны сөзсіз. Өйткені, халық арасында өсімдік күтімінің бірнеше әдіс-тәсілдері айтылып жүр. Бірақ, оның қайсысын қолданған дұрыс? Qazaqstan Media тілшісі петропавлдық флористпен сұхбаттасып, қыз-келіншектердің сауалын жеткізді.
Кесілген гүл шоқтары әдемілігін жоғалтпай, ұзақ уақыт сақталуы үшін алдымен міндетті түрде сағағын қысқарту керек. Оны қайшымен қырқуға болмайды, бұдан өсімдіктің сабағы қысылып, бойына су бармай қалуы мүмкін. Одан да пышақты қолданған абзал. Кейін бөлме температурасындағы суға салу қажет.
«Көпшілігі суға қант салса, ұзағырақ тұрады деп ойлайды. Дегенмен, бұл қате пікір. Осыдан кейін өсімдік керісінше тез солып қалуы мүмкін. Айта кетейін, гүл тұрған суға ештеңе қосудың қажеті жоқ. Күтімнің басты ережесі – суды күн сайын ауыстырып тұру. Вазаны да жуып отырса дұрыс болады», — дейді флорист Зинаида Кузнецова.
Гүлдің сағағын күн сайын ақырындап қысқарту керек екен. Бұл оның жаңарып, суды тез сіңіріп алуына септесетін көрінеді. Тиісінше, сақталу ұзақтығы да артады.
«Кесілген гүлдердің барлығының күтімі бірдей десе де болады. Тек гортензияның жұмысы сәл көбірек. Оның сағағын кесіп қана қоймай, араларын ашып, кішкене бөлшектеу керек. Сонда гүлге ылғал тезірек жетеді. Гүлдің жасылы неғұрлым аз болса, өсімдік соғұрлым ұзақ сақталады», — дейді флорист.
Тағы оқыңыз: Көмір экспортына тыйым салынды